Кальян – халық денсаулығына және болашақ ұрпаққа қатер
Кальян шегу – денсаулыққа төнетін елеулі қауіп. Оның түтінінде көмірқышқыл газы, ауыр металдар мен канцерогендер сияқты адам ағзасына зиянды улы заттар бар. Бұл заттар ағзаға ұзақ мерзімді және қайтымсыз зиян келтіреді.
Кальян шегудің салдары мыналарды қамтуы мүмкін:
• созылмалы бронхит және тыныс алу жүйесінің басқа да аурулары;
• өкпе, ауыз қуысы және өңеш қатерлі ісігі;
• жүрек-қан тамырлары аурулары, соның ішінде жүректің ишемиялық ауруы және инсульт;
• қызыл иек пен тіс аурулары, тістердің түсуі;
• иммунитеттің төмендеуі және жалпы денсаулықтың әлсіреуі;
• жүктілік кезіндегі асқынулар, ұрықтың дамуына қауіп.
Кальян түтінін пассивті түрде жұту да шегумен бірдей зиян келтіреді. Бұл әсіресе балаларға, жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге және созылмалы аурулары бар адамдарға қауіпті.
Кальян никотинге тәуелділікті қалыптастырады және жастардың темекі өнімдерін ерте тұтынуына жол ашады. Бұл ұлт денсаулығына нұқсан келтіреді және болашақ ұрпаққа ұзақ мерзімді теріс әсерін тигізеді.
Азаматтардың денсаулығын сақтау және еліміздің болашағын қорғау – кальянның таралуына және оны қолдануға қарсы қатаң күресті талап етеді.
